20 сәу, 2020 сағат 08:57

Еліміздегі автожолдарды тексеру нәтижесі жарияланды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» үш айда жүргізілген жұмыстардың қорытындыларын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Осы уақыт аралығында орталық мамандары ел өңірлеріндегі жолдарға 1398 сапар жасап, талаптарды бұзудың 1522 фактісін анықтады. Олардың біраз бөлігі автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстау сапасының төмендігіне қатысты», - делінген ҚР ИИДМ мәліметінде. 

Атап айтқанда, орталықтың көшпелі зертханалары республикалық маңызы бар жол учаскелеріне 1294 сапар жасады. Зертханалық жұмыстар жүргізілген жол учаскелерінің жалпы ұзындығы 27 мың шақырымнан асады. 3 айдың ішінде республикалық маңызға ие жолдарда 582 нысан тексерілді. Тексеріс жұмыстарының нәтижесінде, нысандардың талаптарға сай емес екендігі анықталды. Осы ретте мердігер ұйымдарға 579 хат жолданды.

Сондай-ақ, 2020 жылдың алғашқы тоқсанында жергілікті автомобиль жолдарының 4500 шақырымы тексерілген болатын. Зертханалар мұндай жолдарға 104 сапар жасап, 136 кемшілікті анықтады.