Еліміздің Кәсіподақтар федерациясы коронавируспен күреске бірқатар активін ұсынды. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қандай қиын-қыстау заман туса да Қазақстанымыз, Кәсіподақ федерациялары барлық уақытта да халықпен бүкіл қиындықты бірге бөлісіп, жеңіске жетіп келеді. Еліміз үшін осынау қиын сәтте Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы мемлекет қажеттілігі үшін коронавирустің таралуымен күреске мындай активтерін ұсынуға шешім қабылдады: Алматы қаласындағы «Көктем» шипажайы, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Турист» қонақүйі және қажеттілік туындағанда Ақмола облысындағы «Щучье» шипажайы. Бүгіннің өзінде ол жерлерде карантинге жіберілген шамамен 1 мың адам жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар Сатыбалды Дәулеталин барлық отандастарымызды бекітілген қауіпсіздік шараларын ұстанып, азаматтық жауапкершілік танытуға шақырады.
«Бірлескен іс-әрекеттеріміз азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға септігін тигізетіндігіне сенімдіміз. Біз бірге жеңеміз! #BIZBIRGEMIZ», - деді федерация төрағасының бірінші орынбасары.

