22 шіл, 2022 сағат 10:48

Елордада алғаш рет ATP 500 турнирі өтеді

Фото: ktf.kz

Елордада 1-9 қазан аралығында Astana Open ATP 500 турнирі өтеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Қазақстанда мұндай деңгейдегі жарыс алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл ATP-ның China Open жарысын Бейжіңнен елордаға ауыстыру туралы шешімінен кейін мүмкін болды.

ATP 500 "Үлкен дулыға" және ATP Masters 1000 додаларынан кейінгі үшінші деңгейдегі жарыс болып есептеледі. Ойындар Есіл жағасындағы көрікті жерге орын тепкен Ұлттық теннис орталығының корттарында болады.

"АTP-ның Қазақстанға осындай деңгейдегі жарысты өткізуді сеніп тапсырғанына қуаныштымын. Бұл елімізде теннисті дамыту үшін әлемдік озық тәжірибені пайдаланудағы бағытымыздың дұрыстығын көрсетеді", - деді Қазақстан теннис федерациясының президенті, Халықаралық теннис федерациясының (ITF) вице-президенті Болат Өтемұратов.

Тағы бір атап өтетін жайт, Astana Open-ге әлемдегі үздік 10 теннисшінің қатарына кіретіндер қатысқалы отыр. Соның ішінде әлемнің 1-ракеткасы, АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы, ресейлік Даниил Медведев бар.

"Бұған дейін біз 2020 және 2021 жылдары ATP 250 жарыстарын өткіздік. Биылғы жарыстың деңгейі одан да жоғары. Сонымен қатар Елек Рыбакина Қазақстан тарихында алғаш рет Уимблдон чемпионы атанғаннан кейінгі мерейлі жылда өтпекші әрі биыл федерацияның құрылғанына 30 жыл толады", - деді Болат Өтемұратов.