
International Academy of Refrigeration (IAR – Халықаралық суық академиясы) елордада Х мерейтойлық ғылыми-техникалық конференциясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Конференцияның негізгі тақырыбы – Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік тоңазыту және кондиционерлік ауа саласындағы энергия және экономикалық тиімділікті арттыру, экологиялық тұрғыда қауіпсіз технологияларды дамыту болып отыр. Шара барысында білім, ғылым, бизнес және әртүрлі өндіріс саласының мамандары бас қосып, маңызды мәселелерді талқылауда.
«Бұл конференцияның тарихы 2011 жылдан басталады. 2010 жылы Қазақстанда ІAR-дың өкілдігі ашылды да, келесі жылдың наурызында Алматыдағы «Медеуде» алғашқы жиынды өткізген едік. Жыл сайын қатарымызға қосылып, шараның ауқымы кеңейіп келеді. Біздің конференция ең алдымен қазақстандық бизнес өкілдерінің өзара серіктесе жұмыс жүргізуін, ақылдасып, еңбек етуін көздейді. Осылайша осы талқылаудың арқасында серіктестердің, тараптардың кәсіби өсіміне қол жеткіземіз», - деді Қазақстандағы IAR өкілдігінің төрағасы Александр Цой.
Конференцияны IAR Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен, Қазақстан тоңазытқыш өнеркәсібі қауымдастығымен, Қазақстан тамақ өнеркәсібі одағымен, «QazExpoCongress» ҰК» АҚ-пен бірге өткізуде.
