10 қыр, 2025 сағат 13:39

Ерлердің де ішкі күйі маңызды


Фото: Amanjol Tubir

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.

Қазіргі қоғамда қыз-келіншектер ізденіп, түрлі кітап оқып, психологқа барып, терапиядан өтіп жүр. Ал ұлдар олай емес. Әдетте қыздардың сырымен бөлісуі, жылауы, айналасынан қолдау іздеуі табиғи қалыпты нәрсе деп қабылдаймыз. Ал ұлдар үшін жылдар бойы “жігіттің жылағаны ұят болады”, “ер адам мықты болуы керек” сынды қоғамдық көзқарас олардың ашылуына үлкен кедергі. Осылайша көп ер атаулы үшін сырын, жан-жарасын ашып, ортаға салу әлсіздіктің белгісі саналып, іштен тынуға тура келеді.

Ал негізі балалық травма тек қыздарда емес ұлдар да бар.

Көп жағдайда:

Әке махаббатының жетпеуі

Әкесінің шектен тыс қаталдығы, суықтығы, ешқашан ұлына көңілі толмауы, баланы өзгелермен салыстыра беруі, не тіпті әкенің бала өмірінде болмауы әсер етеді. Мейлі отбасымен бірге, бөлек өмір сүріп жатқан әке болсын ұлы үшін маңызды сәттерде, тәрбие барысында жанында болмай оның өзін қорғансыз сезінуі - үлкен жарақат.

Ана мейірімінің тапшылығы

Анасының бала өмірінде бола тұрып, ұлын мейірленіп құшақтамауы, жақсы көретінін айтпайтын эмоционалдық суықтығы - ұл үшін өте ауыр. Және бір қызығы, ұл бала әкесінің тастап кеткеніне қарағанда, анасының тастап кеткенін ауыр қабылдайды екен. Одан бөлек анасы әкесінен, туыстардан, қоғамнан зәбір көріп қиналған сәтінде кішкентай болып, көмектесе алмағаны өмір бойына өкініш болады.

Қоғамдық қысым

Сонымен қатар, бала кезінде әлеуметтік жағдайына, түріне байланысты түрлі ортада кемсітушілік көруі, өзінің уайымымен бір өзі қорғансыз қалуы да болашақта ер жігітке не агрессия, не мотивация бола алады.

Пайым

Қандай ауыр жағдайда да халық “Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді” деп оны жұбатқандай болып тағы да босаңсымауға итермелейді. Ер жігіт жынысынан бұрын - адам, оның да сезімі бар деп қарастырғанымыз адамгершілікке жатар. Көп жыл бойы ішінде сақталған ауыр сезімдер оны тұйықтық, өшпенділік, ішімдік пен ойын құмарлыққа әкелу ықтималдығы жоғары.

Ата-анасына, досына, жарына ашыла алмаса, оның психологқа барып жеңілдеуіне жағдай жасаған жөн. Әдетте ер адамдар ішіндегісін айтып босаңу эмоциясынан гөрі, бірден нәтижені қалайды. Психолог деп емес, “маманға барайық”, “маған көмегі болды, қаласаң басында бірге барайық”, “нәтиже емес, бағытын көрсетеді”, “шешу жолдарын ұсынады” деп жұмсартып, жаймен бағыттаған абзал. Ұл, қыз деп бөлмей жалпы ұлттың сау, бақытты болашағы үшін әркімнің ішкі күйін реттеу міндетті дер едім. Қыз баласы ұлт тәрбиесіне жауапты болса, ұл бір мемлекеттің, бір отбасының тұтастығына, қауіпсіздігіне жауапты. Ал ішкі ахуалы реттелмеген адамға басқа адамды, елді тапсырып қоя аламыз ба?


Динара Болат