14 шіл, 2021 сағат 11:45

Еуропа чемпионатын отандық телеарналардан 2,5 млн көрермен тамашалады


Футболдан EURO-2020 турнирін бір ай бойы отандық телеарналардан 2,5 миллион қазақстандық тамашалаған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы TNS Central Asia зерттеу компаниясының деректеріне сүйене отырып, футбол матчтарын телеарналар арқылы тамашалаған көрермен санын жариялады.

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарындағы 51 ойынның жалпы көрермендер саны 2 486 184 мың адамды құрады. 

Оның ішінде ең көп көрермен жинаған TOP-5 матчтың қатарында Англия – Германия, Португалия – Германия, Хорватия – Испания, Уэльс – Дания, Дания – Бельгия арасындағы кездесулер тұр. 

Бес ойынның жалпы жанкүйерлер саны - 885 460 адам.

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының ресми сайты және Qazaqstan.tv мобильді қосымшасы арқылы ең көп қаралған матчтар бестігін Италия-Англия арасындағы ойын бастап тұр. 

Финалдық матчты 281 339 көрермен онлайн тамашалаған.

Сайт және мобильді қосымша арқылы ең көп қаралған ойындар:

Венгрия – Португалия (155 483 көрермен);

Түркия – Италия (131 590 көрермен);

Франция – Германия (114 374 көрермен);

Бельгия – Ресей (103 764 көрермен).

TNS Central Asia компаниясының зерттеулері 100 мыңнан аса тұрғыны бар қалалар арасында жүргізілетінін еске саламыз. 

EURO-2020 ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығын тек «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары иеленді.