07 мам, 2021 сағат 03:01

Еуропа лигасы: Финалға шыққан екі команда анықталды


UEFA Еуропа лигасы финалына жолдама алған екі команда анықталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы жұпта «Рома» (Италия) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) командалары шеберлік байқасты. Олардың арасындағы жеңімпаз бірінші кездесуде-ақ анықталып қойды деуге негіз бар. Ағылшын жерінде өткен ойында «Манчестер Юнайтед» қарсыласын 6:2 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Бүгінгі ойында итальяндық клуб сол кеткен есені қайтаруға тырысты. Дегенмен ағылшын футболшылары оған мүмкіндік бере қойған жоқ. Ойынның 39-минутында «Манчестер Юнайтед» сапынан Эдинсон Кавани мергендік танытты. Одан кейін «Рома» сапынан Эдин Джеко 57, Бриан Кристанте 60-минуттарда қақпаны дәл көдеді. Ал 68-минутта Эдинсон Кавани өзінің екінші голын соғып, таразы басын теңестірді. Никола Залевский 83-минутта «Романы» тағы да алға шығарды. Кездесуде алаң иелері 3:2 есебімен жеңді. Алайда қос ойынның қорытындысымен «Манчестер Юнайтед» финалға жолдама алды.

«Арсенал» (Англия) мен «Вильярреал» (Испания) командалары тағы бір жолдаманың иегерін анықтады. Бірінші кездесуде «Вильярреал» ағылшындық клубты 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Бүгінгі ойында да тартысқа толы болды. Десе де қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Кездесу 0:0 есебімен тең аяқталды. Финалға «Вильярреал» жолдама алды.

Финал 26 мамырда Польшаның Гданьск қаласындағы «Энерга Гданьск» стадионында өткізіледі.