22 қаз, 2025 сағат 10:59

Францияда Луврдағы ұрлықтың залалы есептелді

Фото: ашық дереккөз

Париждегі әйгілі Лувр музейінен ұрланған құндылықтардың жалпы шығыны 88 миллион еуро деп бағаланды, деп хабарлайды Ult.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Бұл туралы қала прокуроры Лор Бекко RTL радиосының эфирінде мәлімдеді.

«Лувр директоры келтірілген залалды 88 миллион еуро көлемінде бағалады», – деді ол.


Бекконың айтуынша, бұл сома музейге келтірілген тарихи залалмен салыстыруға келмейді. Ол қылмыскерлердің ұрланған әшекейлерді ерітіп не бөлшектеп сату арқылы пайда таба алмайтынын атап өтті. Сол себепті прокурор олар «мәдени құндылықтарды бүлдірмесе екен» деген үмітін білдірді.

Ұрлық өткен жексенбі күні болған. Прокуратура дерегінше, төрт адамнан тұратын топ бұл қылмысты небәрі төрт минуттың ішінде жүзеге асырған. Оның екеуі тікелей музей ішіне кірген.

Қылмыскерлер барлығы француз патшайымдары мен императрицаларына тиесілі тоғыз әшекейді ұрлап кеткен. Солардың бірі табылып, музейге қайтарылған.

БАҚ мәліметінше, коллекциядағы ең ірі асыл тас — салмағы 140 караттан асатын «Регент» гауһары ұрланбаған.

Франция Ішкі істер министрі Лоран Нуньес ұрылардың Луврға терезе арқылы кіргенін, оған автокөлікке орнатылған баспалдақты пайдаланып, әйнекті «болгаркамен» кесіп түскенін айтты. Ол қылмысты шетелдіктер жасауы мүмкін екенін де жоққа шығармады.

Қылмыскерлер кейін оқиға орнынан скутермен қашып кеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді.

Париждің бұрынғы полиция префектісі ұрылардың мұражайды алдын ала мұқият зерттегенін болжады. Қазір прокуратура тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров бұл оқиғаны «бір кездері ұлы болған Францияның құлдырауының белгісі» деп атап, ұрланған әшекейлерді сатып алып, музейге қайтаруға дайын екенін мәлімдеді.