
Қазақстан құрамасының UEFA Ұлттар лигасы 2020/2021 жылдардағы кезеңіндегі ойын кестесі жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық құрама С дивизионының төртінші тобында сынға түседі. қарсыластары - Литва, Беларусь және Албания құрамалары .
Ойын кестесі бойынша қазақстандық футболшылар алғашқы кездесуін 4 қыркүйекте сырт алаңда Литвамен бастап, одан кейін 7 қыркүйекте өз алаңында Беларусь құрамасынымен ойнайды. Ал 10 қазанда Албания құрамасын қабылдап, 13 қазанда сырт алаңда Беларусьпен кездеседі. Қазақстан құрамасы 12 қарашада сырт алаңда Албаниямен, 15 қарашада өз алаңында Литвамен жасыл алаңға шығады.
Енді қарсыластарымыз жайында аз-кем анықтама бере кетелік. 2020 жылдың 20 ақпанында жарияланған FIFA-ның соңғы рейтингінде Албания 66, Беларусь 87, Литва 131 орында тұр. Ал Қазақстан 118 орында келеді.
Қазақстандық құрама аталмыш үш қарсыласымен де бұрын кездескен. Футболшыларымыз Албаниямен 2005 жылы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде кездесіп, олардан 0:1, 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал Беларусьпен 2009 жылы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде 1:5, 0:4 есебімен есе жіберіп, 2011 жылы жолдастық кездесуде 1:1 есебімен тең түсті. Ал Литвамен 2014 жылы өткен жолдастық кездесуде 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Айта кеткен жөн, UEFA Ұлттар лигасы алғаш рет 2018 жылы ойналды. Бұл жолы Қазақстан құрамасы Д дивизионында бірінші топта Грузия, Латвия, Андорра құрамаларымен кездесіп, өз тобында екінші орынды қанағат тұтты. Ал UEFA Ұлттар лигасы 2018/2019 жылдардағы кезеңінің финалдық сатысында Португалия чемпион атанды.
