27 сәу, 2021 сағат 14:47

Футболдан Чемпиондар лигасы: «Реал Мадрид» «Челсимен» шеберлік байқасады


Бүгін, 27 сәуірде UEFA Чемпиондар лигасының жартылай финалында бір ойын өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл жолы «Реал Мадрид» (Испания) пен «Челси» (Англия) командалары кездеседі. 

Ойын елорда уақытымен 00.50-де басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Ширек финалда «Реал Мадрид» Англияның «Ливерпулін», «Челси» Португалияның «Портуын» орта жолда қалдырып кетті.

Екі құрамада да жарақат алған футболшылар бар. Испаниялық клубта Федерико Вальверде, Ферлан Менди, Серхио Рамос, Лукас Васкес пен Тони Кроос, ағылшын командасынан Матео Ковачич жасыл алаңға шығудан тыс қалды. 

Кездесуге нидерландиялық Данни Маккели бас қазы болады. Оған отандастары Хессел Стегстра пен Ян де Врис көмекшілік етеді. Қосалқы төреші - израильдік Орель Гринфилд.

Екі команда бұған дейін аталған турнирде кездесіп көрген емес. 2016 жылы өткен Халықаралық чемпиондар кубогында «Реал Мадрид» 3:2 есебімен басым түскен еді.