02 мам, 2021 сағат 14:35

Футболдан Қазақстан біріншілігі: Бүгін тоғызыншы тур ойындары басталады


Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің тоғызыншы туры басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ойындар 2 және 3 мамыр күндеріне белгіленген. Алғашқы күні үш жұп кездессе, екінші күнінде төрт матч өтеді. 

Аталған турдың шымылдығы 2 мамырда елорда уақытымен 17.00- де «Ақтөбе» мен «Астана» (Нұр-Сұлтан) командалары кездесуімен ашылады. Одан кейін 18.00-де «Атырау» мен «Каспий» (Ақтау), 19.00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Тараз» ойындарымен жалғасады.

Ал 3 мамырда 16.00 «Қызылжар» (Петропавл) мен «Қайрат» (Алматы) кездессе, 18.00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тұран» (Түркістан), «Ақжайық» (Орал) пен «Жетісу» (Талдықорған) командалары шеберлік байқасады. Аталған турды 20.00-де «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қайсар» (Қызылорда) кездесуі түйіндейді. 

Естеріңізге сала кетелік, сегіз турдан кейін «Астана» 20 ұпаймен көш бастаса, одан кейінгі орындардағы «Тараздың» 17, «Қайраттың» 15 ұпайы бар.