28 сәу, 2021 сағат 22:16

Қазақстан біріншілігі: «Тараз» қайтадан екінші орынға көтерілді


Бүгін, 28 сәуірде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің cегізінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алғашқы ойында «Тобыл» сырт алаңда «Каспийден» 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Ал одан кейін «Астана» өз алаңында «Ақжайықтан» 1:0 есебімен басым түсті.

Үшінші кездесуде «Тараз» «Ақтөбені» сүріндірді. Ойын барысында тараздықтар сапынан Бауыржан Байтана 11-минутта есеп ашса, 16-минутта оның командалас әріптесі Педро Эуженио пенальтиден есепті үстемелей түсті. Ал 55-минутта Дінмұхамед Қараман мергендік танытты. Ал 76-минутта ақтөбелік футболшы Игор Сергеев есеп айырмасын қысқартты. Кездесу барысында «Тараз» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

Тағы бір ойында Түркістанда «Тұран» «Атыраудан» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Кездесеуде «Атырау» сапынан Дмитрий Гузь 2-минутта есеп ашса, алаң иелерінен Олжас Керімжанов 46-минутта таразы басын теңестірді. Кездесу тағдырын 78-минутта атыраулық футболшы Жиан Мартинс пенальти шешті.

Сегізінші турдағы алғашқы ойын күнінен кейін «Астана» 20 ұпаймен көш басында тұр. Одан кейінгі орындардағы «Тараздың» 17, «Тобылдың» 15 ұпайы бар.

Ал 29 сәуірде «Жетісу» (Талдықорған) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Қайрат» (Алматы) пен «Ордабасы» (Шымкент), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Қызылжар» (Петропавл) командалары шеберлік байқасады.