Фото: instagram.com/justice_for_aigul
Германияда Қазақстан азаматшасы эк-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне байланысты күдікке ілінген Наталья Донцова мен оның ұлы Александр Донцовтың қазір Мәскеуде тұрып, жұмыс істейтіні белгілі болды. Оларды 112 Telegram арнасының журналистері анықтаған, деп хабарлайды Ult.kz.
Эксклюзивті кадрларда Александр Донцов көрсетілген. Ол өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарып, қылмысқа еш қатысы жоқ екенін, өзін жала жапты деп мәлімдеді.
Видеодан скриншот
Алайда 112 дереккөзіне сүйенсек, 2 ақпанда Александр мен Наталья Донцовтар Мәскеу қаласының Тергеу комитетінде түсініктеме берген. Тергеу барысында Наталья Донцова Ресей Федерациясы Конституциясының 51-бабына сүйеніп, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.
Наталья Донцоваға қатысты Германияда қылмыстық іс қозғалғанымен, ол елден тергеу басталғанға дейін шығып үлгерген. Көп ұзамай оның ұлы Александр да Ресейге көшіп келген. Қазіргі уақытта Донцовтар Натальяның қарт анасымен бірге Мәскеуде тұрып жатыр.
Айта кетейік, 2024 жылы Айгүл Сайлыбаеваның аса қатыгездікпен өлтірілуі қоғамды дүр сілкіндірген еді. Бұл іс халықаралық деңгейде үлкен резонанс тудырып, құқық қорғау органдарының назарын аударды.
