09 сәу, 2026 сағат 11:13

Ғылым – өндіріс қызметінде: «Қазақмыстың» зияткерлік әлеуетін дамыту

Иллюстрациялық фото

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында «Қазақмыс» Тобында өнертапқыштық бастамаларды дамытуға бағытталған ірі жоба басталады.

Жоба қызметкерлердің ұсынысын жинаумен ғана шектелмей, инновациялық қызметті жүйелі экожүйеге айналдыруды көздейді. Ғылыми ізденіс пен жетілдірулерді бір арнаға тоғыстыруды мақсат тұтатын жоба компанияның басты активі – жұмыскерлердің зияткерлік әлеуетін дамытуға басымдық береді.

Жоба дәстүрлі өнертапқыштық байқау шеңберінен шығып, жұмыскерлердің практикалық тәжірибесін терең ғылыми тәсілмен ұштастыратын өзара әрекеттестіктің бірегей моделін қалыптастырады.

Жобаның ғылыми бағыты әрбір бастаманы құрылымына қарай тиісінше дамытады. Идеяны өнеркәсіптік стандартқа айналдыру үдерісі мына кезеңдерді қамтиды:

  • - ҒЗТКЖ әлеуетін іріктеу: терең ғылыми негіздеуді қажет ететін идеяларға басымдық беру.
  • - Ғылыми-техникалық кеңестің (ҒТК) жұмысы: терең зерттеу жүргізу және жоғары технологиялық шешімдерді әзірлеу.
  • - Сынақтан өткізу: ғылыми болжамды шынайы өндірістік жағдайда міндетті түрде тексеру.

Маңызды кезеңдердің бірі – зияткерлік меншікті қорғау. Компания инновацияларды стратегиялық инвестиция ретінде қарастырады, сондықтан үздік тұжырымдамалардың әкелетін жаңалығы сарапталып, корпоративтік деңгейде патент және авторлық құқық ретінде тіркеледі. Бұл зерттеулер мен әзірлемелер (R&D) саласындағы құнды активтер қоржынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсілдің тиімділігі іс жүзінде дәлелденді. Инновациялар жүйесі «Қазақмыс Смэлтинг» бөлімшесінде сынақтан сәтті өтті. Небары 1 жыл 8 ай ішінде қызметкерлер 500 тың идея ұсынды, оның 12%-ы іске асырылды. Бұл шамамен 3 млрд теңге экономикалық пайда әкелді. Ал идея авторлары лайықты сыйақыға ие болды.

Жаңа жобаны іске қосу осы бағыттағы жұмысты Топ көлемінде жүйелеп, ғылым мен өндірістің тұрақты дамуы мен қауіпсіздік үшін өзара тығыз байланыста әрекет ететін заманауи инновациялық мәдениет қалыптастырады.