08 сәу, 2026 сағат 11:24

Цифрлық таңбалау операторы: ЦЭДО қызметіне қатысты сұрақтар көбейді

Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда цифрлық таңбалау жүйесіне жауапты «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС (ЦРЦЭ) қызметіне қатысты қоғамда бірқатар сұрақ туындап отыр, деп хабарлайды Ult.kz Qumash телеграм арнасына сілтеме жасап.

Аталған компания 2005 жылдан бері жұмыс істейді. Кейін «Қазақтелеком» оны 470 млн теңгеге сатып алған. 2020 жылы ЦЭДО цифрлық таңбалау бойынша ұлттық оператор мәртебесіне ие болады. Яғни, ол нарықтағы тауарлардың заңды екенін растайтын арнайы кодтарды енгізу және бақылау жүйесіне жауап береді.

Алайда бұл ұйымның дәл осы міндетке не себепті таңдалғаны туралы нақты ақпарат әлі күнге дейін жарияланған жоқ.

Бұған дейін қазақстандық интернет кеңістігінде компания 2021 жылы кең ауқымды таңбалау жүйесін енгізуді жариялағаны жазылған. Сол кезде ұсынылған көрсеткіштер айтарлықтай ауқымды болған: көлеңкелі нарықты 70–80 пайызға дейін қысқарту, экономикаға 900 миллиард теңгеге дейін қосымша үлес қосу, адал бизнестің табысын 11,3 пайызға арттыру және бюджетке жыл сайын 100 миллиард теңгеге дейін салық түсімдерін қамтамасыз ету жоспарланған.

Алғашқы кезеңде көрсеткіштер өсім көрсеткенімен, кейін төмендеу үрдісі байқалғаны айтылады. Сонымен қатар компанияның қаржылық есептілігі мен мемлекеттік келісімшарттары туралы толық ақпарат ашық дереккөздерде қолжетімді емес. Кейбір сілтемелердің жұмыс істемеуі де ақпаратқа қол жеткізуді қиындатқан.

Осыған байланысты редакция ЦЭДО-ға ресми сауал жолдағанын мәлімдеді.