Фото: Zakon.kz
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында көмір саласының қазіргі жағдайы мен даму жоспарлары туралы баяндады, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол Қазақстанның көмір өнеркәсібі елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды екенін атап өтті.
Қазақстан көмір кенінің қомақты қорына ие және әлемде 10-шы орында тұр, бұл өндірудің қазіргі көлемімен алғанда 300 жылдан астам уақытқа жетеді.
«Ірі көмір кен орындары Орталық Қазақстанның екі негізгі аймағында орналасқан. Олар – Қарағанды көмір бассейні мен Торғай көмір бассейніндегі Шұбаркөл және Жалын кен орындары. Солтүстік-шығыс аймақта Екібастұз көмір бассейні, Майкүбі көмір бассейні, Қаражыра кен орны бар. Еліміздегі көмір қорының көлемі – 33,6 млрд тонна», — деді Ерлан Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, 2026 жылы елімізде көмір өндіру көлемі 128,9 млн тонна болады деп жоспарланып отыр. Бұл сала ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз ете отырып, экспортқа да тасымалды ұлғайтып, сол арқылы өсім көрсетіп отыр.
«Өндірілетін көмірдің негізгі бөлігі ішкі нарыққа жіберіледі, ол электр энергетикасында, коммуналдық-тұрмыстық секторда және өнеркәсіпте пайдаланылады. Көмір экспортының да деңгейі сақталып отыр», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
2025 жылдың қорытындысы бойынша көмір өндіру шамамен 115,9 млн тоннаны құрады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7%-ға көп.
Коммуналдық-тұрмыстық мақсаттарға және ішкі тұтынуға 85,9 млн тонна пайдаланылды, ал көмір экспорты 30 млн тоннаға жетті.
Көмір экспортының негізгі бағыттары: Ресей Федерациясы, Польша, Өзбекстан, Түркия, Үндістан, Малайзия және тағы да басқа елдер.
Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалар саласында көмір бойынша 40 жер қойнауын пайдаланушы 41 келісімшарт бойынша қызмет жүргізуде.
Министр қазіргі уақытта көмір саласына жаңа инвестициялар тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жұмыс бағдарламаларына сәйкес 2025 жылы көмір өнеркәсібіндегі келісімшарттарға салынған инвестициялар көлемі 305 млрд теңгені құрады, ал 2026 жылы салаға тартылған инвестиция шамамен 553,5 млрд теңге болады деп күтілуде.
«Көмір өнеркәсібінде 32 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн. Сектордың тұрақты дамуы барысында жұмыс орындарының саны өсе түспек. Министрлік көмір саласындағы геологиялық барлауды дамытуға ерекше назар аударып отыр. Биыл жыл соңына дейін шамамен 10 учаске бойынша көмір кен орындарына жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарлануда», — деді Ерлан Ақкенженов.
