15 сәу, 2026 сағат 10:14

ІІМ концерт билеттеріне байланысты алаяқтықтан сақ болуға шақырды

Фото: ашық дереккөз

Ішкі істер министрлігі азаматтарға концерттер мен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатып алу кезінде мұқият болуды ескертті. Соңғы уақытта интернетте билеттерді сату немесе алып-сату бойынша күмәнді ұсыныстар жиілеген, деп хабарлайды Ult.kz.

Ведомство мәліметінше, желіде концерттер мен түрлі іс-шараларға билеттерді сатуға қатысты жалған хабарландырулар мен делдалдардың ұсыныстары жиі кездеседі. Алаяқтар билетті сатып алуға көмектесетінін айтып немесе оны жоғары бағамен ұсынуы мүмкін.

Сонымен қатар жалған билеттерді тарату фактілері де тіркелген. Мұндай жағдайда азаматтар ақша аударып, соңында билетсіз қалу қаупіне тап болады.

ІІМ өкілдері тұрғындарды тек ресми және сенімді платформалар арқылы билет сатып алуға шақырады. Сондай-ақ бейтаныс адамдарға ақша аударудан сақ болу қажеттігін ескертті.

Бұл ретте ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек азаматтарды қырағылық танытып, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға үндеді.