
Ірі кәсіпорын қауымдастықтарының уәжіне қарамастан Экология кодексі уақытында қабылданады. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов осылай деп мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экологияға қатысты мәселелер қашан да маңызды. Төтенше жағдай режимі – ол мәселені ұмыта тұратын кезең емес. Алайда қазіргі таңда ірі өнеркәсіптік қауымдастықтар Экология кодексін қарау мерзімін басқа уақытқа ауыстыруды сұрап жатыр. Олардың негізгі уәжі – коронавирус пандемиясының салдарын еңсеріп алсақ дейді. Қазір бәріне де оңай емес. Оны түсініп отырмыз. Алайда Экология кодексі мен оның қабылдану мерзімі қазіргі ахуалды күрделендірмейтінін атап өткіміз келеді», - деді Ахметжан Пірімқұлов ОКҚ-да онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда экология жағдайы өте нашар.
«Кейінгі жаңалықтарға ғана құлақ түрейік. Теңізде пештің тоқтап қалуынан ауаға газ таралып кетті. Ал «Арселор Миттал Теміртау» компаниясындағы жылу электр орталығының шатырының өртенуінен атмосфералық ауа ластанды. Кейінгі бір жылды алып қарасаңыз, мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сол себепті экология саласындағы жаңа әрі қатаң талаптарды бүгіннен бастап енгізу керектігін түсіну керек», - деді ол.
