Фото: Olympic.kz
Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындары Қазақстан спортшылары үшін айтулы нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы 1 алтын медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 94 мемлекеттің ішінде 19-орынға табан тіреді. Бұл айтулы жеңістің басты кейіпкері — мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама көшбасшысы Михаил Шайдоров болды. Ол мұз айдынында теңдессіз өнер көрсетіп, Қазақстан қоржынына жалғыз, бірақ өте салмақты алтын жүлдені салды.
Бұл жетістіктің маңызы өте зор, себебі отандық спортшылар 1994 жылдан бері алғаш рет Олимпиаданың ең мықты 20 елінің қатарына қосылып отыр. Осылайша, Қазақстан қысқы спорт түрлерінде дәстүрлі түрде мықты саналатын Финляндия, Польша және Бельгия құрамаларын артта қалдырып, әлемдік аренада өз орнын нықтады.
Биылғы ақ Олимпиадада ел намысын 10 дисциплина бойынша 36 атлет қорғады. Олардың арасында 18 ер және 18 әйел спортшы барын салып, еліміздің абыройын асқақтатты.
