27 ақп, 2026 сағат 15:42

Іздеуде жүрген блогер Назарбаевтың немересімен бірге көзге түсті


Фото: әлеуметтік желіден


Шамамен бір жарым жылдан бері іздеуде жүр деген ақпарат тараған блогер Ағлан Ақпан Алматы тауларында өткен бизнес-таңғы аста байқалды. Ол экс-президенттің немересі Нұрәлі Әлиев ұйымдастырған кәсіпкерлерге арналған кездесуге қатысқан, деп хабарлайды Ult.kz.


Кездесуден тараған фото-видеолар желіде қызу талқыға түсіп, қолданушылар блогердің еркін жүргеніне таңданысын білдірді. “Неге адамдарды алдаған адамды ешкім ұстамайды?” деген сауал жиі қойылды.


Ағлан Ақпан өзіне қатысты “іздеуде жүр” және “қылмыстық іс қозғалған” деген ақпаратты жоққа шығарды. Ол қаржылық міндеттемелерінің бір бөлігін өтегенін, қалғанын кезең-кезеңімен қайтаруға тырысатынын айтты. Сонымен қатар, сот шешімі бойынша компаниясының жұмысы уақытша тоқтап, толыққанды табыс таба алмай отырғанын жеткізді.


Блогер виза мәселесіне қатысты да түсініктеме беріп, ешбір туристік агенттік оң шешімге кепілдік бере алмайтынын, қиындық туған сәтте серіктестерінің жауапкершіліктен бас тартқанын айтты. Дегенмен, ол қаржылық міндеттемелерін өз бетінше орындап жатқанын атап өтті.