08 шіл, 2025 сағат 12:27

Қалада өтетін марафон кедергі ме әлде даму жолы ма?


Фото: almaty-marathon.kz

Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Жылдан жылға қазақ қоғамы спортқа бет бұруда. Әрине әркімнің фитнесс залдарына тұрақты барып жаттығуға уақыты да, қаржысы да жете бермес, дегенмен көп адамның еш қысымсыз, саналы түрде өз бетімен, өзіне ыңғайлы спорт түріне келіп жатқаны қуантады. Қазір қала саябақтарында жүгіріп, велосипед теуіп, ересектері скандинав таяқшаларын алып жаяу жүріп бара жатқан жылы көріністі күн сайын көруге болады.

Салауатты өмір салты қоғамдық үлгіге, қалалық мәдениетке айналып келеді. Елімізде спорт сүйер жандар артқан сайын жыл сайын олардың басын біріктірер, шабытына шабыт қосар Astana, Almaty марафондары, Ironman секілді ауқымды шаралар көбейді.

Қатысушы спортшылар үшін бұл жыл сайын үлкен қуаныш, әрі өте жауапты кезең. Спортшылар бұл мұндай маңызды күндерге бірнеше айлап, жылдап дайындалады.

Фото: almaty-marathon.kz

Марафондағы негізгі мәселе

Алайда мұндай шараларға қатысты қоғам тарапынан түсініспеушіліктер де кездеседі. Оның негізгісі марафон өтетін күндері қалада пайда болатын үлкен кептелістер.

Бұл мәселенің шешімі бар. Ол үшін мұндай спорттық шаранының ұйымдастырушылары жүгіру, велосипед тебу маршруттарын көлік ағыны аз орталық көшелермен өткізуді жоспарлаулары керек. Одан бөлек халыққа алдын ала әлеуметтік желі, смс хабарлама тарату арқылы көлік қозғалысы жабылатын көшелер, автобустардың уақытша өзгертілген қозғалыс схемасын ескертсе өте дұрыс болар еді. Жылдан жылға марафон ұйымдастырушылары бұрынғы қателіктерді ескеріп, спорттық шараларды тұрақты өткізетін әлемдік мега қалалардан үлгі алады деген үміт бар.

Басқа елдердегі құрмет

Әлемдік қалалар демекші Бостон, Нью-Йорк пен Токио, Берлинде марафон өтетін күндер үлкен мереке. Қалаға ерекше атмосфера орнайды. Қала лайық безендіріліп, музыка ойнап, тұрғындар сол спортшылар сезінетін рухты бірге сезінеді. Әр тұрғын балконнан немесе спортшыларға арналған жолақтың бойында жанкүйер ретінде плакат ұстап, не су беріп марафонға қолдау көрсетеді.

Өзге пайым

Спорттық шаралар дұрыс ұйымдастырылса қаланың рухани, мәдени серпілуіне үлкен септік. "Бүгін қалада марафон екен" деп бейжай қарамай, мұндай шараларды қолдау, түсіну және оған жанкүйер, волонтер, көрермен ретінде қатысу сол қалада тұрып жатқан азаматтардың жаңа, пайдалы өзгерістерге санасы ашықтығын көрсетеді. Уақытша қолайсыздыққа қазір түсіністікпен қарап, қолдап, болашақта нағыз спорт мәдениеті қалыптасқан қалалар беделін қалыптастыруға болады.


Динара Болат