15 сәу, 2024 сағат 16:07

Қаңтар кезінде азапталған қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың ісі бойынша төрт полицей қамауға алынды


Қаңтар оқиғасы кезінде қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың азапталуына қатысты қылмыстық іс Қазақстан бас прокуратурасына берілді, күдікті төрт полицей ұсталды. Бұл жөнінде Викрам Рузахунов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Музыканттың айтуынша, осы уақытқа дейін полиция қызметкерлерінің төртеуі ұсталып, қамауға алыныпты.

"Олардың бірі азаптау мен зорлық-зомбылық фактісін мойындады, екіншісі “сатылған” блогерлер мен журналистерді жалдап, өтірік әдетіне басып, тіпті балалары мен анасын алға тартып, өзін-өзі өртеп жіберемін деп қорқытуға тырысады", – деді ол.


Рузахунов тергеу жаңа серпін ала бастағанын жеткізді. Оның сөзінше, қазір азаптау ісінде 22 жәбірленуші бар. Олар Қаңтар кезінде Рузахуновпен бірге азапталған.

Рузахунов тергеу жаңа серпін ала бастағанын жеткізді.

"Бас прокуратура істі қисынды түрде аяқтайтынына сендірді. Пагонды 4 қылмыскердің ұсталуы – бастамасы ғана. Қалғандары да көп ұзамай құрықталады. Ешкім жауапкершіліктен құтыла алмайды. Азаптауға, зорлық-зомбылыққа жол жоқ. Әу бастағы талап азаптау және жалған ақпарат тарату бойынша ресми кешірім сұрау болған еді. Енді істе қосымша дәлелдер пайда болды! Тергеу жалғасып жатыр", – деді музыкант.


Былтыр Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігінің өзі туралы таратқан ақпаратын шындыққа сәйкес келмейді деп танып, кешірім сұрауды талап еткен Викрам Рузахуновтың шағымын қанағаттандырмаған. Рузахунов жоғары инстанцияға шағымданған.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның құқық қорғау органдары Алматыда қырғыз музыканты Викрам Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан.