Фото: Polisia.kz
Қарағанды қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, балалар мен әлеуметтік осал азаматтардан жүйелі түрде ақша бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Ult.kz.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық топтың құрбандары өңірдегі балалар мекемелерінің бірінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер болған. Соңғы алты ай ішінде күдіктілер алдау, қорқыту және күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушіден 10 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген.
Анықталғандай, күдіктілер балаларды арнайы шоттарынан ақша шешуге және микрофинанс ұйымдарынан несие рәсімдеуге мәжбүрлеген.
Тінту барысында қылмыстық топ мүшелерінен атыс қаруы мен 100-ден астам оқ-дәрі тәркіленді.
Қазіргі уақытта барлық күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Полиция олардың өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруді жалғастыруда.
