30 нау, 2020 сағат 18:41

Карантин режімін бұзу фактілері азайды – Әділет министрі

Карантин режімін бұзу фактілері азайды. Бұл туралы ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«28 наурызда карантин шараларын бұзғаны үшін 476-бап бойынша ел аумағында соттар 124 адамды жауапкершілікке тартты. Ал 29 наурызда 33 адамға қатысты тиісті шешім шығарылды. Бұл тұрғыда қабылданған шаралардың нәтижесін байқауға болады», - деді М. Бекетаев Хабар 24 телеарнасында өткен онлайн брифингіде.

Оның сөзіне қарағанда, ел тұрғындары арасында карантин режімін бұзу фактілері төмендеді. 

«Адамдар тарапынан тәртіпті бұзу азайып келеді. Осы орайда өзінің әрі жанындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап отырған біздің азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз», - деді Марат Бекетаев.