12 мау, 2021 сағат 12:40

Каратэ: Мөлдір Жаңбырбай Токио Олимпиадасының жолдамасын еншіледі


Қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай каратэден Токио Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінде Франция астанасы Париж қаласында каратэден лицензиялық турнир өтіп жатыр. Турнирде Мөлдір 55 келі салмақта сынға түсті. Әлемдік іріктеу жарысында ол финалға дейін жетті. Бірақ, ақтық сында қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Осылайша Олимпиадаға берілетін жолдамаға ие болды.

Айта кетерлігі, бұл - каратэден ел құрамасы қоржынына түскен екінші лицензия. Бұған дейін Дархан Асаділов мерзімінен бұрын Токио Олимпиадасына баратын спортшылар тізіміне енген болатын.

Еске салсақ, аталған турнирге еліміздің атынан жеті спортшы аттанды. Олардың қатарында қыздардан Лия Кошкарбаева - (катадан техникалық жаттығу), Мөлдір Жаңбырбай (55 келі), Сабина Захарова (61 келі), Софья Берульцева (61 келіден жоғары), жігіттерден Мади Катешов (ката), Нұрқанат Әжіқанов (75 келі) мен Данияр Юлдашев (75 келіден жоғары) бар. 

Аталған жарыста әлемнің 98 елінен барлығы 495 спортшы бақ сынайды.