18 қаз, 2022 сағат 10:35

Кәрім Бензема "Алтын допқа" ие болды


Мадридтік "Реал" футбол клубы мен Франция құрамасының шабуылшысы Кәрім Бензема 2021/2022 маусымның қорытындысы бойынша "Алтын допқа" ие болды. Францияның France Football газетінің жүлдесі қазанның 17-сінен 18-іне қараған түні Парижде салтанатты түрде тапсырылды.

Бензема XXI ғасырда, яғни 1998 жылдан бері "Алтын допты" алғаш алған француз футболшысы атанып отыр. 1998 жылы бұл мәртебелі сыйлықты Зинедин Зидан алған.

Кәрім былтыр "Реал" сапында Испания чемпионы және Чемпиондар лигасының жеңімпазы болған.

Сондай-ақ, Бенземамен бір клубта ойнайтын Тибо Куртуа жылдың үздік қақпашысына берілетін Лев Яшин атындағы сыйлықпен марапатталды.

Ал "Барселонаның" жартылай қорғаушысы Гави жылдың ең жас үздік ойыншысы ретінде танылса, былтырға дейін "Баварияда" ойнап, биылдан бастап "Барселонаға" ауысқан шабуылшы Роберт Левандовский үздік шабуылшы атанды.

Әйелдер арасындағы "Алтын допты" "Барселонаның" жартылай қорғаушысы Алексия Путельяс қатарынан екінші рет алды. "Бавария" ойыншысы Садьо Мане қоғамдық істердегі жетістігі үшін берілетін Сократес атындағы сыйлықтың тұңғыш иегері болды.

Маусымның үздік командасы атағын Англияның "Манчестер Сити" командасы алды.

Үздік ойыншылардың үштігіне Кевин де Брюйне ("Манчестер Сити") мен Садьо Мане ("Ливерпульдегі" ойыны үшін) кірді.

Сонымен қатар үздік он ойыншы қатарына Эрлинг Холанд ("Манчестер Сити"), Лука Модрич, Винисиус Жуниор, Тибо Куртуа (үшеуі де "Реал"), Килиан Мбаппе ("ПСЖ"), Мохамед Салах ("Ливерпуль"), Роберт Левандовски ("Бавария") қосылды.

Футбол әлеміндегі аса танымал ойыншылардың бірі, бес мәрте "Алтын доп" иегері Криштиану Роналду 20-шы орынға тоқтады. "ПСЖ" шабуылшысы, жеті мәрте "Алтын доп" иегері Лионель Месси биыл номинанттар тізіміне кірмей қалды.

Биыл "Алтын доп" алғаш рет жыл қорытындысы бойынша емес, маусымдағы ойын қорытындысы бойынша берілді.