
8 қазанда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы міндетін атқарушы Өмүрбек Суваналиев телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК сайтына сілтеме жасап.
«Қырғызстандағы болып жатқан жағдай талқыланды. Жағдайды тез арада дұрысталады деген сенім білдірілді. Бұған дейін жасалған келісімдерге сәйкес екі ведомствоның арасындағы ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығы аталып өтілді», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Қырғызстанда 4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін саяси дағдарыс туындаған. Бішкекте парламент сайлауының нәтижесін жоюды талап еткен наразылық акциясының соңы жанжалға ұласқан еді. 6 қазанға қараған түні демонстранттар парламент пен президент әкімшілігі ғимаратын басып алды.
Президент Сооронбай Жээнбеков "саяси күштер билікті басып алуға әрекеттенді" деп мәлімдеп, елдің заңды президенті болып қалғанын ескертті. Бірақ ол дүйсенбіден бері көпшілік алдына шықпаған. Бішкекте түрлі саяси күштер арасында билікке талас қызған.
