16 қаң, 2026 сағат 17:30

Қаржы пирамидасын басқарған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Фото: ашық дереккөз

Қаржы пирамидасын басқарды деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің көмегімен экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін күдікке ілінген азаматшаны елге қайтарды.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті Астана қаласында «World Business Consulting» қаржы пирамидасының құрылымын басқарған. Аталған ұйым 2018–2022 жылдар аралығында Қазақстанның түрлі өңірлерінде жоғары табыс уәде ету арқылы азаматтардан 6,5 миллиард теңгеден астам қаражатты заңсыз тартқан.

Бұл қылмыстық ұйымның бірқатар қатысушылары бұған дейін нақты бас бостандығынан айыру жазасына сотталған. Ал күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

2025 жылдың қараша айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы негізінде елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеу және 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.