Елімізде электронды сауда нарығында кәсіпкерлер үшін бірқатар жеңілдіктер жасалып жатыр.
Онлайн-сауданы жүзеге асырушы кәсіпкерлерге корпоративтік табыс салығы және жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер жасалады. Бұл туралы ҚР Салық кодексінде қарастырылған.
Отандық БАҚ хабарлағандай, тауарларды сату бойынша мәмілелер электронды форматта жүзеге асса, тауар құнын төлеу қолма-қол ақшасыз төленсе немесе тауар тасымалдау, курьерлік қызмет бойынша келісім-шарт болған жағдайда арнайы жеңілдіктер жасалады. Яғни, корпоративтік табыс салығы 2 есе азаяды (2-ден 1%-ға дейін).
Мұндай жеңілдік алу үшін электронды саудадан түсетін кіріс жылдық кірістің кемінде 90 пайызын құрауы тиіс. Бұл шарттар сақталмаған жағдайда салық төлеуші көрсетілген жеңілдікті алу мүмкіндігінен айырылады.
Онлайн-сауда субъектілері аталған жеңілдікті алу үшін ең алдымен жеке кәсіпкер ретінде немесе заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне тұру қажет. Одан кейін мемлекеттік кірістер органдарына белгілі бір қызмет түрімен айналысатын салық төлеуші ретінде қызмет бастағаны немесе тоқтатылғандығы туралы хабарлама жібереді.
Салық төлеушінің хабарламасын негізге ала отырып, екінші деңгейлі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, тауарларды электронды сауда арқылы өткізу, тасымалдау, жеткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, сондай-ақ салық төлеушімен есептелген электронды шот-фактуралар автоматтандырылған бақылау камерасы бойынша заңға сәйкес жүзеге асатын болады.
Айта кетсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында елдегі электронды сауданы дамыту үшін қолданыстағы кедергілерді жою, сондай-ақ жергілікті ойыншылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ауқымды шаралар кешенін іске асыру қарастырылған.