10 нау, 2023 сағат 12:44

Каспий теңізі арқылы есірткі тасымалдаған шетелдіктер сотталды

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау дерегі бойынша үш шетелдік және бір қазақстандық азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"2023 жылғы ақпанда Маңғыстау облысының Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соты есірткі қылмысына қатысушыларды ҚР ҚК-ның 286-бабы 4-тармағына сәйкес кінәлі деп тауып, ұзақ мерзімге бостандықтарынан айыру туралы шешім шығарды", - делінген хабарламада.

Сотталушылар 2022 жылы тамызда Каспий теңізінің акваториясы арқылы Қазақстанға 10 келі апиын мен 8 келі гашиш әкелмек болған әрекеттері үстінде ұсталған.


"Шетел азаматтары мемлекеттік шекараны кіші көлемді қайықпен заңсыз кесіп өткен. Қылмыскерлер қолданған қайық жеңіл әрі жылдам қозғалатындықтан оны радиолокациялық құралдармен анықтау қиындық тудырған.

Есірткі көзге түсу қауіп төмен, яғни түн мезгілінде тасымалданған. Қылмыскерлер навигация үшін GPS және спутниктік байланыс құралдарын пайдаланған", - делінген хабарламада.

Сот барысында сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденген.