24 сәу, 2026 сағат 15:51

Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai орталығына барып, жаңа білім беру жобаларын іске қосты

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Орталықта ЖИ саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізіліп, білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, сондай-ақ стартаптар мен қолданбалы шешімдерді дамытуға мүмкіндік жасалған, деп хабарлайды Ult.kz.

Президентке таныстырылған жобалар жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға бағытталған. Бұл бастамалар Қазақстанды технологиялық әрі бәсекеге қабілетті елге айналдыруға негізделген.

Сапар барысында Мемлекет басшысы Astana Smart City жобасының іске қосылуына куә болды. Жоба қала инфрақұрылымын интеллектуалды жүйеге көшіруге мүмкіндік береді. Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам бірыңғай AI-платформаның жұмысын таныстырып, оның қаланы тиімді басқарудағы мүмкіндіктерін көрсетті.

Фото: Ақорда

Сонымен қатар Президент бірқатар білім беру бастамаларының іске қосылу рәсіміне қатысты. Оның тапсырмасымен құрылған Tomorrow School жасанды интеллект мектебінің тәжірибесі енді бүкіл ел бойынша енгізілмек. Телекөпір арқылы 14 өңірде осы мектептердің желісі ашылды.

Аталған мектептерде кәмелет жасынан асқан азаматтар, соның ішінде ІТ саласына жаңадан қадам басқандар тегін білім ала алады.

Фото: Ақорда

Бұдан бөлек, Астанада 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO креативті технологиялар орталығы жұмыс істейді. Мұнда жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын жасау, анимация, 3D-модельдеу, робототехника және цифрлық музыка секілді бағыттар бойынша білім беріледі.

Президентке сондай-ақ Alem.ai базасында құрылатын AI Research University тұжырымдамасы таныстырылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, оқу үдерісі биыл 1 қыркүйекте басталады.

Сапар соңында Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты іске қосты. Аталған жарыс Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді.