Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтандығы Премьер-министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Зиязин бен Хайсам Әл Саидты қабылдады, деп хабарлайды Ult.kz.
Кездесу барысында Президент Оманды араб әлеміндегі сенімді серіктес ретінде атап өтіп, Қазақстанның екіжақты ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
– Екіжақты саяси-экономикалық байланыстарымыз нығайып келеді. Қазақстан мен Оман арасындағы ынтымақтастықты арттыруға қосқан үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Осы орайда Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидқа сәлемімді жолдаймын және оны Астанаға сапармен келуге шақырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Зиязин бен Хайсам Әл Саид жылы қабылдау үшін алғыс айтып, Оман тарапы Қазақстанмен әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін растады. Ол екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар 1992 жылдан бері қалыптасып, бүгінде мәдениет, сауда, экономика және туризм салаларын қамтитынын атап өтті.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Әсіресе, энергетика, металлургия, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру бағыттарындағы жобаларға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыруға назар аударылды.
Сонымен қатар Президент Таяу Шығыстағы күрделі жағдайға байланысты Оман халқына қолдау білдіріп, елдің өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін жоғары бағалады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Зиязин бен Хайсам Әл Саидты Қазақстан мен Оман арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
