20 сәу, 2026 сағат 11:05

Иттің 12 күшігі болған: Ақтауда буаз итті пышақтап өлтірді


Фото: Зооқорғаушылардан / lada.kz

Ақтау маңында жануарларға қатыгездік көрсету дерегі тіркелді. Буаз ит пышақпен жараланып, келесі күні ветеринарлық клиникада көз жұмды, деп хабарлайды Ult.kz жергілікті Lada.kz басылымына сілтеме жасап.

Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілер арқылы белгілі болды. Жануарларды қорғаушылардың айтуынша, ит ұзақ уақыт бойы ВСО-1 кенті маңында, «Магаш» ЖШС артында өмір сүрген және жергілікті тұрғындарға жуас әрі мейірімді жануар ретінде танылған.

Кеше кешкісін зооқорғаушы Елена Бровкина жергілікті тұрғындар Валентин мен Александрмен бірге итті тауып, көлікке салып алған.

Олар ветеринарлық көмек іздей бастаған. Кейбір мамандар эвтаназия жасауды ұсынғанымен, «Zoo Лекарь» клиникасының дәрігері Алина Шарипова көмек көрсетуге келіскен. Жануар сол клиникаға жеткізілді.

Еріктілер итті Ақшұқыр ауылындағы «Zoo Лекарь» ветеринарлық клиникасына жеткізгенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. 19 сәуір күні таңертең жануар көз жұмды.

Клиникада жарақаттың пышақпен салынғаны расталды. Соның салдарынан жатыр қатты зақымданған. Мамандар жараны бала салуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды, өйткені олардың айтуынша, соққы күштірек болған жағдайда құрсақ қуысы толық тесіліп кетер еді. Иттің 12 күшігі болған, соның төртеуі ғана тірі қалған.

Құтқарылған күшіктерді зооқорғаушылар басқа иттің бауырына салып, аман қалу мүмкіндігін арттыру үшін оның күшіктерімен араластырған.

Күннің екінші жартысында қаза тапқан жануар жерленді.

Зооқорғаушылар кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды талап етуде.

Тағы бір жағдай туралы зооқорғаушы Алена Музаева айтып берді. Оның сөзінше, 29 наурыз күні Ақшұқыр ауылы маңынан екі күн бұрын, яғни 27 наурызда өлген болуы мүмкін ит табылған. Жануардың денесінде пышақ болған.

Сондай-ақ ол сәуір айының басында осы ауылда болған тағы бір оқиғаны еске алды. Айтуынша, ит шамамен екі күн бойы көмексіз жатып, зооқорғаушылар келгенге бір минут қалғанда көз жұмған. Алена Музаеваның сөзінше, жануарға қаңылтыр банкамен өлімге әкелетін жарақат салынған.

«Ақшұқырда бұл қалыпты жағдайға айналып барады: жануарларды пышақтайды, улайды – ойларына келгенін істейді», – дейді Алена Музаева.