Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президентке әуежай қызметі мен ішкі және халықаралық бағыттардағы рейстерді қабылдау және өңдеу үдерісі таныстырылды. Мемлекет басшысы жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтарын, шекаралық-кедендік бақылау пункттерін, күту залын және автоматтандырылған жүк беру жүйесін аралап көрді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында пайдалануға берілген. Жобаға 16,6 миллиард теңге жеке инвестиция тартылса, жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4,3 миллиард теңге бөлінген. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін артты.
Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) стандарттарына толық сай келеді. Қазіргі таңда мұнда Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Сондай-ақ терминал жанында «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимарат салып жатыр. Бұл жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, Сыр елінің туристік және инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Соңғы төрт жылда аймақ экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқан. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланып отыр, оның 70 пайызы – жеке инвестиция.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда жалпы құны 2 триллион теңгеге жуық 90 жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Биылдың өзінде 302,5 миллиард теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған, оның тоғызы қазірдің өзінде пайдалануға берілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың даму қарқынына оң бағасын беріп, жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.
Фото: Ақорда
Инвестициялық жобалар таныстырылды
Мемлекет басшысына бірқатар ірі инвестициялық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін With You кәсіпорны және Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі бар.
Сонымен қатар Президентке шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода зауыты және тауарлы сүт фермасы жобаларының іске асу жоспары жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтіп, облыс әкімдігіне инвестициялық климатты жақсарту және бизнеске қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Фото: Ақорда
Президент Өнер орталығында болды
Сапар соңында Мемлекет басшысы облыс орталығындағы Өнер орталығын аралап көрді. Мың орынға арналған заманауи кешеннің құрылысына 3,7 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда концерттер, шығармашылық кештер мен түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев көрермен залын аралап, облыстық симфониялық оркестрдің дайындығын тамашалады. Президентке соңғы үш жылда өңірде 18 мәдениет нысанының салынғаны туралы мәлімет берілді. Олардың ішінде 7 «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, тарихи-өлкетану музейі және ауылдық мәдениет үйлері бар.
Мемлекет басшысы мәдениет саласындағы мамандарды қолдау, тұрғын үймен қамту және шығармашылық ұжымдардың әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.
