Фото: Ақорда
Анкарада өткен ресми сапар аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Devlet Nişanı» орденімен марапатталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Награданы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған табыстады. Мемлекет басшысы бұл марапатты жеке өзіне емес, бүкіл қазақ халқына көрсетілген ерекше құрмет деп атап өтті.
– Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз арасындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке үлес қосып отырған тарихи тұлға ретінде атап өтті. Ол Түркияның жетістіктерін Ердоғанның басшылығымен тікелей байланыстырды.
– Түркияның әлемдегі беделі Сіздің есіміңізбен тығыз байланысты. Еліңіз жаңа алтын дәуірге аяқ басуда, – деді Тоқаев.
Айта кетейік, Түркия – Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі. Бұл бауырлас елдер арасындағы тарихи және рухани байланыстың беріктігін көрсетеді.
