Фото: Ақорда
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жасанды интеллектіні (ЖИ) дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері мен орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент ЖИ-дің жаһандық технологиялық өзгерістердің басты қозғаушы күшіне айналғанын атап өтіп, бұл салада Қазақстанның айқын және батыл қадамдар жасауы қажет екенін айтты.
— Жасанды интеллект қазір барлық елдің даму қарқынына тікелей әсер етеді. Онсыз жаһандық бәсекеде алға шығу мүмкін емес. UNCTAD болжамы бойынша, 2033 жылға қарай ЖИ нарығы 4,8 триллион долларға жетеді. Бұл – біздің еліміз үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Қытайдың бұл бағыттағы стратегиялық бастамаларын атап өтіп, Қазақстанның да Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуын мақсат етуі керек екенін жеткізді. Ол бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін жеделдету, заңнамалық және инфрақұрылымдық негіз дайындау, мәліметтерді жинау жүйесін жетілдіру міндеттерін қайта еске салды.
Президент ЖИ-дің елдің инновациялық дамуы мен цифрлық дербестігі үшін стратегиялық рөлін атап, Үкіметке Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесіп жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансформацияға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Бұл құжатқа халықаралық сарапшыларды тарту жоспарланып отыр.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы мемлекеттің цифрлық саясатына арқау болатын тоғыз басым бағытты белгіледі. Соның ішінде ЖИ-ді экономиканың нақты секторына енгізу, ірі кәсіпорындармен серіктестік орнату және жыл соңына дейін өндірістік үдерістерде ЖИ қолданудың нақты тиімді үлгілерін ұсыну қажеттігін ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, Қазақстан алдағы бес жылда толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс.
