31 нау, 2023 сағат 17:58

Қайрат Боранбаевқа қатысты сот үкімі шықты

© Sputnik / Владислав Воднев

Елорданың Сарыарқа аудандық №2 соты Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Белгілі кәсіпкер 8 жылға сотталды.

«ҚР Қылмыстық кодексі 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес Боранбаев, Нахановтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Ұлттық банк пен оған қарасты ведомстволарда, Қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда қызмет атқару құқығынан айрылсын. Сонымен қатар, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік ұйымдарда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет етуге де тыйым салынады», - деді үкімді оқыған судья Назгүл Бапақова.

ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, сот үкімінде Қайрат Боранбаевқа берілген мемлекеттік наградаларды кері қайтару туралы айтылған.

«Қылмыстық кодекстің 49-бабы 2-бөлігіне сәйкес Қайрат Боранбаевты мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізілсін», - деді судья.

Ал кәсіпкерге берілген мемлекеттік наградалар қатарында «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені бар.

«Мемлекет мүддесіне Қ. Боранбаевтың әл-Фараби көшесіндегі (Алматы қаласы) үй-жай мен жер учаскесі, «Қазақстан Халық банкі» АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге сомасындағы қаражат тәркіленсін. Сонымен қатар, «Қазақстан Халық банкі» АҚ-дағы екі шотқа бөлініп салынған 2 млрд 847 млн 877 мың 603 теңге де тәркіленсін. Аталған шоттағы қалған сомаға арест қойылсын», - деді Назгүл Бапақова.

Айта кетейік, "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшылары Қайрат Боранбаев пен оның бизнес-серіктесі Роман Наханов, сондай-ақ "Qazaq Gaz" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңгені қылмыстық жолмен заңдастырғаны үшін айыпталған болатын. "Qazaq Gaz" компаниясына келген шығын толығымен өтелді. Ақша ұлттық компанияның шоттарына аударылды.

Қаржылық мониторинг агенттігі де газ экспорты кезіндегі жымқыру және қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру істері аясында Боранбаев пен басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізген.

Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Оның қызы Әлима Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан болатын. Айсұлтан 2020 жылы тамыз айында қайтыс болды.