29 қаң, 2026 сағат 10:47

«Қайрат» лондондық «Арсеналдан» 2:3 есебімен жеңілді

Фото: Sports.kz

Алматылық "Қайрат" UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі соңғы матчында Англияның атақты "Арсенал" клубына қарсы ойнап, 2:3 есебімен жеңілді, деп жазады Ult.kz.

Кездесу лондондықтардың басымдығымен басталды. Ойынның 2-минутында Виктор Дьёкереш есеп ашып, қонақтарды алға шығарды. Алайда "Қайрат" тез ес жиып, 7-минутта тағайындалған пенальтиді Жоржиньо сәтті орындап, таразы басын теңестірді.

Бұдан кейін "Арсенал" қайта шабуылға көшіп, ойын тізгінін өз қолына алды. 15-минутта Кай Хаверц айып алаңы ішінен дәл соққы жасап, командасын алға шығарса, 38-минутта Габриэл Мартинелли қарсы шабуыл кезінде қақпаның алыс бұрышын дәл көздеп, есепті 3:1-ге жеткізді.

Екінші таймда алматылықтар ойын қарқынын арттырып, қарсылас қақпасына қысым көрсетті. Матчтың қосымша минуттарында Рикардиньо бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартқанымен, кездесу нәтижесін өзгертуге мүмкіндік болмады.

Осылайша, "Қайрат" Чемпиондар лигасындағы негізгі кезеңді жеңіліспен аяқтағанымен, мықты қарсыласқа қарсы тартысты ойын көрсетіп, жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.