17 шіл, 2021 сағат 23:41

«Қайрат» өз алаңында «Каспийден» жеңіліп қалды


Бүгін футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі екінші турында Алматының «Қайраты» өз алаңында ақтаулық «Каспийден» жеңіліп қалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кездесу барысында «Қайрат» жасыл алаңға негізінен жастарды шығарды. Ал «Каспий» тәжірибелі ойыншыларына сенім артты. Ақтаулық клубтан 39-минутта Никола Цуцкич есеп ашты. Екінші кезеңнің 54-минутында Алексей Зелеский есепті үстемелей түсті. Нәтижесінде «Каспий» сырт алаңда қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті. 

Бірінші топта ойын көрсететін Түркістан облысының «Мақтаралы» өз алаңында «Таразға» 1:2 есебімен жеңілді. Кездесуде алаң иелерінен Едіге Оралбай 16-минутта есеп ашқан болатын. Дегенмен мақтаралдық Марлен Айманов 28-минутта автогол авторы атанып, таразы басы теңесті. Ал 41-минутта тараздық Урош Ненадович мергендік танытып, кездесу нүктесін қойды. 

Оралда жергілікті «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Кайсарын» қабылдаған болатын. Екі команда 0:0 есебіне қанағат білдірді. 

Еске салсақ, 16 шілдеде «Астана» «Ақтөбені», «Шахтер» «Қызылжарды» 3:2 есебімен жеңсе, «Тобыл» «Атырауды» 2:0 есебімен тізе бүктірді. 

Енді 18 шілдеде №8 БЖМОРСМ (Нұр-Сұлтан) мен «Ордабасы» (Шымкент), «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) екінші турды түйіндейді. 

Айта кетсек, биыл аталған дода жаңа талаптар бойынша ойналады. 

Топтық кезеңде Премьер-лиганың 14 командасы мен іріктеу кезеңінен іркілмей өткен бірінші лиганың екі клубы төрт топқа бөлінген.