04 там, 2016 сағат 10:16

Қазақ хандары бодан болғысы келмеген

Осы жылдың басында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ғылыми конференция өтедi деген хабар келгенде мен ғана таң қалмаған шығармын. Интернеттегi, баспасөз бетiндегi материалдармен танысып отырған оқырман алдыңғы жылы ғана Ресей Федерациясының президентi жастармен болған кездесуiнде қазақтарда бұрын-соңды мемлекет болмаған дегендi айтқанын жақсы бiледi. Анау-мынау емес, алып мемлекет басшысының аузынан осындай сөздiң шығуы қатты ойландырды.

Тарихты белгiлi бiр мақсат үшiн бұрмалау Кеңес Одағы кезiңде кең орын алғаны белгiлi. Жалпы, бұл саясат өткен империялар үшiн тән десек, қателеспеймiз. Байырғы Кеңес Одағын көксейтiндерге мұндай конференция қажет емес екенi бесенеден белгiлi. Сондықтан Мәскеуде осы тұрғыдағы конференция қалайша өтпек? Қандай мәселелер қаралмақ? Конференцияны ұйымдастырушылардың мақсаты неде? Осы сұрақтарға жауап табу үшiн аталған жиынға бару қажет-ақ едi. Экономикалық қиыншылыққа тап болған кезде форумға барып қатысып айбынды ханымыз Абылай туралы зерттеу нәтижелерiмдi баяндауға мүмкiншiлiк берген Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi басшылығына, ең алдымен оның президентi, профессор У.Әбдiбековке үлкен ризашылығымды бiлдiргiм келедi.

Тақырыбы ауқымды «Түркi елiнен Қазақ хандығына дейiн» деп белгiленген конференция Мәскеудiң мәртебелi ауданында, Кремльдiң iргесiнде орналасқан Ресейдiң мемлекеттiк кiтапханасының Шығыс кiтаптар орталығының 40-50 адамдық залында өттi. Жиынға қатысушылардың барлығы дерлiк ғалымдар, студенттер мен докторанттар. Ғылыми форумның ашылу салтанатына мемлекеттiк шенеунiктер де қатысты. Жиынды М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң құрамындағы Азия мен Африка институтының директоры И.И.Абылгазиев (ұлты қырғыз) ашты. Конференцияда Ресейдегi Қазақстан елшiлiгiнiң және Ресей мұсылмандары муфтиятының ресми өкiлдерi сөз сөйлеп, жылы лебiздерiн бiлдiрiп жатты.

Пленарлық мәжiлiстiң басында сөз алған белгiлi түрколог, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.С.Мейер Қазақ хандығы туралы өз ойларымен бөлiстi. Оның Қазақ хандығын көшпелiлердiң соңғы империясына балағаны менi таң қалдырды. Бiреулер қазақта мемлекет болғанына күмән келтiрiп жүрсе, бұл кiсi империя деп асқақтатып жiбергендей.

Пленарлық баяндамалардың iшiнде мәшһүр түрколог, профессор Д.И.Насиловтiң оғыз-қыпшақ туралы хабары менi ерекше қызықтырды. Ол Махмуд Қашқаридiң мәлiметтерiн мұқият қарастыра отырып, қыпшақ-оғыз тiлдерiнiң алыс-жақындығы, оның тараған аймағы туралы қызықты тұжырымдар жасады.

Қазақстаннан барған тарихшылар да осал болмады. Олардың iшiнде профессор М.Әбусейiтова және биыл көктемде қазақ хандарын зерттегенi үшiн бiздiң университет тарапынан «құрметтi профессор» атағын иеленген И.В.Ерофееваның баяндамалары да назар аударарлық болды. Соңғы зерттеушi мұрағаттарда сақталған қазақ хандарының хаттарына сүйене отырып, олардың Ресейге бодан боламыз деп мүлде ойламағанын, хаттарында бодан болу деген сөздiң мүлдем кездеспейтiнiн жеткiздi. Қазақ билеушiлерi тек қуатты мемлекетпен одақтас болуды көздегенiн, ал, орыс аудармашылары Әбiлқайырдың және басқа да қазақ хандарының хаттарын дұрыс аудармай, оларды «бодан болғысы» келедi деп аударып бергенiн көрсеттi. Өкiнiшке қарай, қазақ билеушiлерiнiң өз еркiмен бодан болуды қалады деген тұжырым аксиома ретiнде Қазақстанның саналуан оқулықтарына енiп кеттi. Қазақ хандарының хаттарын талдау барысында қазақ елiнiң өз еркiмен бодандыққа бармағаны айғақталып тұр.

Мұхтар Әуезовтiң «ол кезде қазақ бала едi. Орыс үкiметi әрi қу, әрi мықты едi» деп суреттегенi есiме түседi. Күштi одақтас iздеймiн деп қазақ қалай бодан болғанын байқамай да қалды. Дана жазушымыз 1927 жылы жарық көрген зерттеуiнде «қазақ елiн орысқа бағындыруға зорлаған себептердiң бiрi» деп «қазақтың өз хандарының алалығын» тайға таңба басқандай етiп көрсеткен. «Өзара жаулық пен араздық, өштiк күшейiп, бiрiн-бiрi жауламақ үшiн әрқайсысы кез келген жұрттан көмек iздеп, қазақ елiн әр айғырдың үйiрiне сiңiруге айналған-ды ... Осындай көп себептер тұтасып, ел тiршiлiгi бiр шым-шытырық мезгiлге жеткенде, орыс үкiметi шеңгелi қомағайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кiргiзiп әкетiп бара жатты».

ХҮIII ғасырда қазақ билеушiлерiнiң барлығы ел мүддесiн ойламады дей алмаймыз. «Аласапыран дәуiрде қалың елдiң «қайрандап жан қала ма» деген «қазы құрттай» үмiтi, жалғыз ғана Абылай басында болатын. Ескi қазақ елдiгiн, ескi жұрттың тiлегiн ту көтерiп, бiр араға жиған Абылай болатын» деп көрсетедi Мұхтар Әуезов. Сондықтан болар, Қазақ хандығына арналған конференцияда Абылай хан тақырыбын айналып өту мүмкiн емес-тi. Қазақтың атақты ханының «iстеген iсi, беттеген мақсаты, көптiң өмiрiне қозғау салған әсерi» Ресей Ғылым Академиясының Шығыстану институтының жетекшi ғылыми қызметкерi, профессор А.Қадырбаев, М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттiк университет докторанты, доцент Г.Б.Iзбасарованың және басқалардың баяндамаларында жан-жақты арқау болды.

Астанадан келген тарих ғылымдарының докторы А. Оразбаева «мемлекет» ұғымы және оның Қазақ хандығымен байланысын ашып көрсетсе, атақты тарихшы Ермұхан Бекмахановтың қызы Наиля Бекмаханова әкесiнiң қудалауға ұшырағанын, Қазақ КСР тарихының алғашқы кiтабы қалай жазылғанын баян еттi.

Қытай зерттеушiсi Чжао Сяоця Цинь империясы мен Қазақ хандығы арасындағы қатынастарға назар аударды. Бұдан басқа да Қытайдан, Жапониядан, Түркиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Әзiрбайжаннан келген мамандар тарих, экономика, тiл секцияларында өз ойларын, зерттеу нәтижелерiн ортаға салып, пiкiр алысты. Осындай үлкен ғылыми форумға бiздiң Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнен 2 ғылым докторының, 6 докторанттың қатысуы қуантады.

Сонымен Мәскеу төрiнде алғаш рет Қазақстан тарихының саналуан аспектiлерi, кешегiсi мен бүгiнгi ғұмыры, экономикалық жетiстiктерi мен басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы, тiлi мен дiлi қаралған ғылыми жиын өттi. Қазақстанның тарихына арналған мұндай конференция бұрын-соңды Ресейде болған емес. Бұл – үлкен жетiстiк.

Екiншiден, конференцияда сөз алған бiрде-бiр тарихшы, «Қазақ хандығы болған емес» деген пiкiр айтпады. Шындығында, олай деп айтуға еш негiз жоқ. Қазақ мемлекетiнiң бұрын да болғаны, қазiргi әлемде өзiнiң орны бар екенi конференция материалдарында көрiнiс тапты. Бұл жиынның өтуi ең алдымен тәуелсiздiктiң арқасы, Қазақстанда Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудiң жалғасы деп түсiнуiмiз керек.

Мәскеуде өткен конференция Ресейде, басқа елдерде Қазақстанның байырғы мемлекеттiлiгiн, тарихын, мәдениетiн танытуда өз үлесiн қосты деуге негiз бар. Конференция материалдары жеке кiтап болып басылып таратылды. Шетелдерден келген ғалымдар осы кiтапты артығымен сұрап алып жатты. Өзбекстаннан келген бiр ғалымның «осындай конференция болады деп қатысқымыз келiп, Қазақстан тарихына қатысты ғылыми әдебиеттi ақтарып шықтық. Бiз бiлмейтiн нәрсе көп екен. Мысалы, Кенесары қозғалысы Өзбекстан үшiн де маңызды екен» деген сөздерi көп нәрсенi аңғартады.

Конференцияның өту барысында қандастарымыздың, әсiресе, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң Азия мен Африка институтының Орта Азия мен Кавказ кафедрасының меңгерушiсi Жiбек Сапарбекқызы Сыздықованың барын салып жүргенiн көрiп, бұл ғылыми форумның ұйытқысы өзiмiздiң қаракөздер екенi және оларды қолдаған алдыңғы қатарлы зиялы орыс шығыстанушылары, түркiтанушылары екенiне көзiм жеттi. Байырғы сол бiр Кеңес одағын көксейтiндер бар ортада тұрып Қазақ хандығының 550 жылдығын жоғары деңгейде атап өту, мемлекетiмiздi байырғы түркi қағанатымен сабақтастыру және қазiргi Қазақстанның жетiстiктерiн көрсету үлкен еңбек, үлкен мәртебе деп бағалауымыз керек.

Мұхтар ҚОЖА, тарих ғылымдарының докторы, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дiң профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесi.

"Оңтүстік Қазақстан" газеті