11 жел, 2025 сағат 15:35

Қазақ жерінде әл-Фарабиға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр

Фото: ашық дереккөз

Астанада Қазақстан мен Иран президенттерінің кездесуінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету мәселесі де кеңінен талқыланды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иран архивтерінде қазақ тарихына қатысты құнды жәдігерлер көп екенін атап өтіп, қос мемлекет ғалымдарының әл-Фараби мұрасын бірлесіп зерттей бастағанын айтты.

Президенттің айтуынша, қазақ жерінде ұлы ойшыл әл-Фарабиға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жоба екі елдің ортақ ғылыми-рухани мұрасын насихаттауға бағытталады.

Сондай-ақ Иран делегациясы Қазақстанға қазақ тарихына қатысты бірқатар бағалы көне қолжазбалардың көшірмелерін ала келген. Тоқаев осы қадамды екі халықтың тарихи байланысының тереңдігін көрсететін маңызды белгі ретінде атады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар келесі бағыттарда ынтымақтастықты арттыруға ниет білдірді:

  • алдағы жылдары екі елде Мәдениет күндерін өткізу;

  • жоғары оқу орындары арасында студент алмасу бағдарламаларын жандандыру;

  • медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық компаниялар арасында өзара серіктестік орнату.

Бұл бастамалар Қазақстан мен Иран арасындағы рухани, ғылыми және мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеруі тиіс.