18 ақп, 2021 сағат 13:20

Қазақшаны ғылым тіліне айналдыруға бағытталған арнайы база құрылады

Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға бағытталған ғылыми-лингвистикалық база құрылады. Мұндай жоспарды Мәдениет және спорт министрлігінің алқа мәжілісінде вице-министр Нұрғиса Дәуешов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, «Абай институты» атты Қазақстанда және шетелдерде қазақ тілін үйрету және ілгерілету бағдарламасын жетілдіріп, қолданыс аясын кеңейту жоспарланған. Одан бөлек қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусын әзірлеу жұмыстарын жүргізіледі», - деді ол. 

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы азаматтарының аты-жөндерін латын негізді әліпбимен жазылу ережелері әзірленбек.

«Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық объектілердің және олардың құрамдас бөліктерінің атауын латын графикасы негізінде стандартталады. Сондай-ақ, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға бағытталған ғылыми-лингвистикалық базасын құру көзделген», - деді ол.