Фото: www.fao.org
Әлемдік азық-түлік және ауыл шаруашылығы жүйелері климаттың жаһандық өзгеруі, ресурстардың шектеулілігі және нарықтағы тұрақсыздық сияқты факторлардың қысымын барған сайын көбірек сезініп отырған кезеңде Қазақстан мен БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы осы сын-қатерлерге жан-жақты әрі болашаққа бағытталған жауап беру үшін ынтымақтастығын нығайтып келеді. Бұған дейін қалыптасқан серіктестікке сүйене отырып, қазіргі таңда екі тарап азық-түлік қауіпсіздігі, тұрақты ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстарды басқару салаларындағы ортақ мәселелерді жүйелі түрде шешуге басымдық беріп отыр.
Бұл үрдіс ең алдымен жоғары деңгейдегі саяси диалогтың нәтижесінде қалыптасты. Маңызды кезеңдердің бірі – 2024 жылдың қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Рим қаласындағы ФАО штаб-пәтеріне жасаған сапары болды. Бұл сапар екіжақты ынтымақтастықты тереңдетудің стратегиялық бағыттарын айқындады. Кездесулер барысында су қауіпсіздігі, Арал теңізі бассейніндегі жерлерді қалпына келтіру, сондай-ақ Орталық Азиядағы ФАО-ның институционалдық рөлін күшейту мәселелері талқыланды. Қазақстан сондай-ақ тұқым шаруашылығы жүйелерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы жерлерінің деградациясымен күресу, «жасыл» ауыл шаруашылығын дамыту және су мен жер ресурстарын тиімді әрі тұрақты пайдалану бағыттарында ФАО сарапшылық қолдауын кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Саяси диалог 2025 жылдың мамырында нақты іс-қимыл деңгейіне өтті. Сол кезде ФАО-ның бас директоры Цюй Дунъюй ұйымның жоғары басшылығымен бірге Қазақстанға келіп, Астана халықаралық форумы жұмысына қатысты. Қазақстан Президенті және Премьер-министрімен өткен кездесулерде агроазық-түлік секторын цифрландыру, су ресурстарын тұрақты басқару және қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарға ілгерілету сияқты басым бағыттар талқыланды. Сонымен қатар агроазық-түлік жүйелерінің тұрақтылығын арттыру және сектордың ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін зерттеулерге, инновацияларға және адами капиталға инвестиция тарту қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қазақстанның аграрлық секторындағы екіжақты ынтымақтастықпен қатар ФАО Орталық Азияда агроазық-түлік жүйелерін трансформациялауға және су ресурстарын басқаруды жетілдіруге бағытталған субөңірлік кешенді бастама ұсынды. Бұл бастама ұлттық басымдықтарға сүйене отырып, халықаралық қаржы институттарының, климаттық қорлардың және жеке сектордың инвестицияларын агроазық-түлік құндылық тізбегі бойымен жұмылдыруды көздейді.
Ынтымақтастықтың негізгі элементтерінің бірі – Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ФАО–Қазақстан әріптестік бағдарламасы (ФКПП). Бұл бағдарлама агроазық-түлік секторындағы негізгі бағыттарда техникалық көмек көрсету мен заманауи, ауқымын кеңейтуге болатын шешімдерді енгізудің құрылымдық негізін қалыптастырады.
ФКПП аясында агроазық-түлік секторындағы технологиялық деңгейді көтеруге, климаттық тәуекелдерге төзімділікті арттыруға және елді өңірлік әрі жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі тізбектеріне интеграциялауға бағытталған басым ұсыныстар портфелі қалыптастырылды. Бұл бастамалар қол жеткізілген нәтижелерге сүйеніп, халықаралық сараптаманың қосымша құн бере алатын бағыттарына назар аударуды көздейді.
Бағдарлама шеңберінде ұлттық сорттарды және тұқым шаруашылығы жүйелерін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соның ішінде қазақстандық алма сорттарын қалпына келтіру мен дамыту, дәлме-дәл егіншілік және шешім қабылдауды қолдайтын цифрлық құралдарды енгізу көзделген. Бұл бастамалар жердің деградациясы, климаттың өзгеруі және ғылыми зерттеулер мен шаруашылық тәжірибесінің арасындағы алшақтық сияқты құрылымдық шектеулерді жоюға бағытталған. Нәтижесінде өндіріс өнімділігін, ресурстарды пайдалану тиімділігін және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік беретін тұрақты әрі кең ауқымды шешімдер әзірлеу көзделіп отыр. Бұл жобалардың ерекшелігі – олардың инвестициялық бағытта болуы, яғни жеке сектор мен халықаралық қаржы институттарының қатысуымен ауқымды іске асыруға дайындалуы.
ФКПП-дан бөлек, ФАО Қазақстанда табиғи ресурстарды басқару, құрғақ және тұзданған ландшафттарда тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, агроорман шаруашылығы мен жайылымдық жүйелерді жетілдіру, бруцеллезбен күрес және «Бір денсаулық» тәсілі аясында биологиялық қауіпсіздікті күшейту бағыттарында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді. Сондай-ақ пестицидтердің өмірлік циклін басқару, су ресурстарын тұрақты пайдалану, ішкі су айдындарындағы балық шаруашылығы мен аквакультураны дамыту, 2025 жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағына техникалық қолдау көрсету және мектептегі дұрыс тамақтану бағдарламаларын енгізу сияқты бастамалар бар.
Бұл жобалардың барлығы ФАО-ның халықаралық сараптамасы мен Қазақстанның ұлттық басымдықтарын үйлестіре отырып, нақты нәтижелер мен ұзақ мерзімді әсерге қол жеткізуге бағытталған ынтымақтастық моделін қалыптастырады.
ФАО бағалауы бойынша, мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестициялық құралдардың жиынтық әсері Қазақстанға ішкі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, Орталық Азия мен көршілес өңірлерде азық-түлік, әсіресе астық жеткізуші маңызды елдердің біріне айналуына мүмкіндік берді.
Соңғы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторы тұрақты өсім көрсетіп, экономикалық маңызы арта түсті. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісі соңғы үш жылдағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда 13%-ға өсті, ал экспорт шамамен 27%-ға артты. Әртүрлі шаруашылық санаттарына жеңілдетілген қаржылық құралдарға қолжетімділіктің кеңеюі айналым капиталын толықтыруға, техника жаңартуға және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік берді.
Дүниежүзілік банк деректеріне сәйкес, ауыл шаруашылығындағы қосылған құн тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 11 млрд АҚШ долларынан асты. Соңғы жылдары саладағы еңбек өнімділігі де тұрақты өсіп, бір қызметкерге шаққанда 10 мың доллардан асатын қосылған құн қалыптасты.
Сонымен қатар климаттың жылынуы Қазақстанның ауыл шаруашылығына қосымша қысым түсіруде. Елдегі жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары, ал құрғақшылық, су тасқыны және шөлейттену сияқты құбылыстар жиілеп келеді. Бұл су ресурстарының қолжетімділігін азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей әсер етуде.
Осы жағдайларда климаттық өзгерістерге бейімделу, су үнемдейтін технологияларды енгізу, деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру және жайылымдарды тиімді басқару сияқты шараларға инвестицияны арттыру маңызды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының бір ғана дақылға – бидайға тәуелділігін азайту қажет. Соңғы жылдары майлы дақылдар, бұршақ тұқымдастар, арпа және сорго өндірісі ұлғайып келеді.
Қазақстан халықаралық астық нарығында да маңызды ойыншы болып қала береді. Ел бидай экспорттаушы жетекші мемлекеттердің бірі саналады және арпа, зығыр мен бұршақ дақылдары бойынша да айтарлықтай орын алады.
ФАО сарапшылары Қазақстанның шикізат пен қайта өңделген өнім экспорты арасындағы теңгерімді сақтауға бағытталған прагматикалық саясатын да атап өтті. Кейбір бағыттарда қайта өңдеу инфрақұрылымының дамуы экспортты әртараптандыруға және ел ішінде қосылған құнды арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстанның мал шаруашылығы секторы да үлкен әлеуетке ие. Елде 184 млн гектар жайылымдық жер бар, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемде төртінші орында. Мұндай ресурстар өндірістік шығындарды төмендетуге, көміртек нарықтарына қатысуға, агротуризмді дамытуға және биоалуантүрлілікті сақтауға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Қазақстан мен ФАО ынтымақтастығы ұлттық басымдықтарды өңірлік әсермен ұштастыратын кешенді бастамаларға бағытталмақ. Соның ішінде Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға арналған жаңа серіктестік бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Өңірлік деңгейде бұл ынтымақтастық «Орталық Азияның астық қоржыны» бастамасы арқылы жалғасып, Қазақстанды астық пен оны қайта өңдеу өнімдерінің негізгі өндірістік және экспорттық хабы ретінде дамытуға бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмыс 2026 жылы өтетін өңірлік іс-шаралармен де жалғасады. Атап айтқанда, 2026 жылғы мамырда Душанбе қаласында ФАО-ның Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік конференциясы өтеді. Сонымен қатар 2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Астана қаласында өңірлік экологиялық саммит ұйымдастырылады.
Жалпы алғанда, Қазақстан мен ФАО арасындағы серіктестік Орталық Азияда тұрақты агроазық-түлік жүйелерін дамытуға бағытталған нәтижеге бағдарланған ынтымақтастық моделін қалыптастырып отыр.
