Фото: Optimism.kz
2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 3,6%-ға өсті, деп хабарлайды Ult.kz.
Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, елдегі өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,1%-ды құраған. Экономиканың қалпына келуіне негізгі серпін берген салалардың бірі – өңдеу өнеркәсібі. Бұл сектордағы өндіріс көлемі 9,9%-ға артқан.
Машина жасау саласы 23,3%-дық өсім көрсетті. Бұған көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ электр тауарлары мен жабдықтарын өндіру көлемінің ұлғаюы әсер еткен.
Жеңіл өнеркәсіп өндірісі 2,3 есеге өскен. Сонымен қатар:
- – жиһаз өндірісі – 41,7%-ға;
– фармацевтика – 35,2%-ға;
– құрылыс материалдары өндірісі – 27,7%-ға;
– химия өнеркәсібі – 18,4%-ға;
– азық-түлік өндірісі – 14,4%-ға артқан.
Жыл басынан бергі төрт айда экономиканың оң динамикасы базалық салалардағы тұрақты өсім есебінен қамтамасыз етілген.
Ең жоғары өсім мына салаларда тіркелді:
- – құрылыс – 114,5%;
– көлік және қоймалау – 112%;
– өңдеу өнеркәсібі – 109,9%;
– сауда – 105,1%;
– ауыл шаруашылығы – 103,6%.
Сарапшылардың айтуынша, ЖІӨ өсімінің қазіргі құрылымы шикізаттық емес секторлардың, әсіресе құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібінің рөлінің күшейгенін көрсетеді.
