18 қыр, 2023 сағат 14:35

«Қазақстан» кенішіндегі өртке 100 пайыз жұмыс беруші кінәлі - министр

Фото ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қарағанды ​​облысында орналасқан "Қазақстан" кенішіндегі төтенше жағдайды тексеру қорытындысы белгілі болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 18 қыркүйекте Қарағанды облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында болған апат және жұмыскерлердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия жұмысының қорытындысын жариялады.

Комиссия апат кезінде пайдаланылған техникалық құрылғылар мен жабдықтарға бірқатар арнайы сараптама жүргізген. Сонымен қатар өрттің пайда болуының және таралуының техникалық себептерін анықтау үшін өрт-техникалық сараптама жүргізілген.

«Сараптама қорытындысына сәйкес комиссия апат пен топтық жазатайым оқиғаның негізгі себептерін анықтады:

Біріншіден, көмір конвейеріндегі өрт конвейердің кептелген және бекітілген ролигіндегі таспа төсемінің үйкелуіне байланысты болды.

Екіншіден, шахтаның инженер-техникалық құрамы тарапынан өндірістік бақылаудың болмауы. Сонымен қатар қауіпсіздік техникасының сақталмауы және энергия-механикалық қызмет бақылауының әлсіздігі анықталды.

Үшіншіден, қауіпсіздік талаптарын және техникалық реттеу нормаларын бұзу. Бұл - сәйкестік сертификатынсыз таспалы кенептің жұмысы.

Соңғысы, жұмыс аймағының тозаңдылығы және жану өнімдері мен тау-кен қазбаларынан болған ауа газдылығы қызметкерлердің өліміне әкеп соқты», - деп мәлімдеді Сырым Шәріпханов.

Сонымен қатар министр еңбек заңнамасы нормаларын бірқатар бұзушылықтар анықталғанын атап өтті.

«Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша жұмыс берушінің 100% кінәсі анықталып, заңнаманы бұзуға жол берген 28 жауапты тұлға белгілі болды», - деп атап өтті ведомство басшысы.

«Азаматтық қорғау туралы» Заңға сәйкес тергеу нәтижелері құқық қорғау органдарына беріледі.

Еске сала кетейік, 17 тамызда Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасында өрт шықты.

Өндірістегі апаттан бес жұмысшы қайтыс болды. Марқұмдардың денесін табу оңайға соқпады. Министрлік іздеу жұмыстарына қатты ыстық температура мен қою түтін кедергі келтіргенін айтты. Сондай-ақ шахтадағы тілсіз жауды ауыздықтау да қиындық тудырып отыр. Төтенше жағдайды зерттеуге халықаралық сарапшылар тартылды.