07 қар, 2025 сағат 10:31

Қазақстан мен АҚШ маңызды минералдар саласында әріптестікті күшейтеді

Фото: Ақорда

Вашингтон қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасында аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Құжатқа Қазақстан тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, ал АҚШ тарапынан Сауда министрі Говард Латник қол қойды.

Мемлекет басшысының АҚШ-қа ресми сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен және АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды.

Кездесуде тараптар екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық ықпалдастық жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті дамытуға жол ашатынын атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан АҚШ-пен саяси және экономикалық деңгейде тұрақты байланыс орнатып, өзара сенім мен серіктестікті нығайтуға ниетті.

«Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық сипатқа ие. Бұл меморандум – өзара тиімді экономикалық серіктестікті одан әрі тереңдетудің нақты қадамы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Айта кетейік, маңызды минералдар саласындағы бұл келісім екі елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, энергетика және «жасыл технологиялар» бағыттарында жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.