17 қар, 2025 сағат 18:33

Қазақстан мен Эстония президенттері келіссөз жүргізді

Фото: Ақорда

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Эстония президенті Алар Карис пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ресми келіссөздер өткізді, деп хабарлайды Ult.kz.

Кездесу барысында екіжақты саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Президент Тоқаев Эстонияны Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Эстония – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Екі ел арасында түйткілді мәселе жоқ. Өзара ынтымақтастық әлеуеті зор, оны одан әрі дамытуымыз қажет. Бұл сапарыңыз екіжақты ықпалдастығымызға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.


Тоқаев Қазақстанның Эстонияның теңіз порттарын пайдалану, сауда-саттық көлемін арттыру және халықаралық ұйымдар аясындағы серіктестікті тереңдетуге мүдделі екенін атап өтті.

Өз кезегінде Эстония президенті Алар Карис екі ел арасындағы қатынастардың жоғары деңгейде екенін, бизнес өкілдері жаңа жобаларды талқылап жатқанын айтты.

«Қатынастарымыз өте жақсы. Кейбір кедергілер бар, бірақ оларды еңсеруге болады. Бірнеше іскерлік кездесу жоспарланған, меморандумдарға қол қойылады. Жаңа бастамалар біздің ынтымақтастығымызды нығайтады», – деді ол.


Алар Карис геосаяси тұрақсыздықтың өзара әрекеттестікке ықпал ететінін атап өтіп, БҰҰ-ны реформалау қажеттілігіне тоқталды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Эстония жаңа ынтымақтастық бағыттарын дамытуға ниетті екені белгілі болды.