28 қаз, 2025 сағат 16:07

Қазақстан мен Финляндия арасында 15 маңызды құжатқа қол қойылды

Фото: Ақорда

Финляндия Президенті Александр Стуббтың Қазақстанға ресми сапары аясында екі ел арасында ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған 15 құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Қол қойылған құжаттар энергетика, экология, су ресурстары, ғылым және туризм салаларын қамтиды.

Атап айтқанда,

  • Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) арасында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді;

  • Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Финляндияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі су ресурстарын басқару саласында өзара түсіністікке келді;

  • Ғылым және жоғары білім министрлігі, Finnish Water Forum және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті су ресурстарын цифрландыру және басқару саласында бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісімге қол қойды;

  • «Бурабай» курортында туризмді дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды;

  • Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Finnish Water Forum гидрометеорологиялық және экологиялық мониторинг жүргізетін онлайн жүйені жергілікті деңгейде өндіру туралы декларацияға қол қойды;

  • Сонымен қатар, экологиялық ауылды дамыту жобасы мен теңіздегі мұнайдың апаттық төгілуін жою жөніндегі келісімдер де қабылданды.

Бұл құжаттар Қазақстан мен Финляндия арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық және технологиялық бағыттарда өзара тиімді жобаларды іске асыруға жол ашады.