Фото: Bizmedia.kz
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Жаз мезгілінде көп адамда еңбек демалысы. Алайда шет ел аралап, демалғысы келетін Қазақстан азаматы үшін таңдау шектеулі. Себебі көп ел визаны қажет етеді. Ал виза алу мәселесінде дәл Қазақстан азаматтары үшін талап жоғары.
Мәселен көп қазақ тұрып жатқан Малайзия Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең «күшті» паспорттардың бірі. Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея паспорттарымен қатар әлемдік рейтингте жоғары орын алады. Малайзия азаматы 182 елге визасыз еркін кіреді. Ал Қазақстан азаматтары визасыз, не визаның жеңілдетілген түрімен тек 79 елге кіре алады. Себебі халықаралық аренада біздің елдің паспортының күші төмен.
Паспортымыздың күшін арттыру үшін не істеу керек?
Билік
Ең бірінші мәселе ‒ ішкі тұрақтылық. Елдегі заңның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Заңсыз көші-қон, жалған құжаттар, терроризмге қатысы жоқ, әр азаматтың жеке деректері қорғалған құқықтық мемлекет болуымыз шарт. Ал екінші негізгі себеп, елдің экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайының жоғарғы деңгейі, яғни Қазақстан азаматтарының шет елге тек турист немесе кәсіптік ұсыныстармен барып, еліне қайтып келетіндей мықты болуы. Яғни ешкім шет елге барып, барған елдің жағдайы өзінікінен артық көрініп, сол мемлекетте білім алу, өмір сүру, табыс табу үшін қалып қоймайтындай бар қажеттілігін өз атамекені өтейтіндей қаржылай, мәдени, ғылыми, құқықтық мықты болуы керек. Одан бөлек, әрине еліміздің дипломатиялық беделі де роль ойнайды. Мәселен соңғы жылдары біздің Ресей саясатына қатысты бейтарап позиция ұстанғанымыздың өзі көп нәрсеге кедергі.
Халық
Өкінішке қарай еліміздің сыртқы көрсеткіштерінен бөлек шет елге демалуға, саяхатқа барып жүрген отандастырымыздың әрекеттері де Қазақстан паспортының бэкграундына кері әсерін тигізуде. Оңтүстік Корея әуежайында қашып, шекарадан рұқсатсыз өткен азаматтар, Индонезияда наша таратып ұсталғандар, Вьетнамда, Қытайда төбелес шығарған қазақтар, өзге елдің заңын, ділін білмей пранк жасаған блогерлер. Мұның бәрі тұтас Қазақстан паспортымен шекарадан өтетін әр азаматқа күмәнмен, қауіппен қарауға себеп.
Оқи отырыңыз: Қытай азаматтары қазақстандық блогердің әрекетіне наразы
Пайым
Паспорт жай ғана құжат емес. Қазақстан паспортының халықаралық имиджі ойыншық емес. Паспортымыздың күшін арттыру үшін билік істеуі керек талай жұмыс бар. Алайда шет елде жүрген әр қазақ еліміздің айнасы екенін ұмытпайық. Біз жақсы жағынан көрінсек те, теріс әрекеттермен көзге түссек те мұны тұтас ұлтпен байланыстырып, тұтас қазақтар туралы пікір қалыпасатыны есімізде болсын. Сол себепті тазалық сақтау, барған елдердің әдет-ғұрпын, заңдарына сыйластықпен қарау, кім-кіммен де әдепті қатынас құру көптің алдында ұлттық беделімізді арттырып, болашақта Қазақстан паспортын күшейтуге қосар үлесіміз болмақ.
Динара Болат
