05 мам, 2017 сағат 10:09

Қазақстан павильоны 90 пайызға дайын - ЭКСПО-2017

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Қазақстан павильоны 90 пайызға дайын. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз мәслихатында еліміздің Энергетика министрі  Қанат Бозымбаев, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазірдің өзінде Қазақстан павильоны 90 пайызға дайын. Өздеріңіз де білетіндей, өнертапқыштардың туындыларын төрешілер таңдап алды. Осы уақытта балама энергетика салаларына, жалпы айтқанда «жасыл экономикаға» қатысы бар 28 туынды іріктелді. Оның 11-і макет ретінде, ал қалғаны видео ролик ретінде көрсетілетін болады. Макеттер қазіргі уақытта Санкт-Петербургте жасалып жатыр. Менің орынбасарым өткен аптада барып келді, жұмыс тиісті деңгейде жүргізілуде. Видео роликтер де жасалуда. Шамамен 1-2 аптаның ішінде толығымен дайын болады», - деді Бозымбаев.

Сонымен қатар ол жалпы Қазақстан павильонына бюджеттен  қанша ақша жұмсалғанын қазіргі уақытта айта алмайтындығын атап өтті.

«Алдымен жұмысты бітірейік. Одан кейін ашық түрде айтатын боламыз», - деді министр.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекке дейін созылады. Көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі рет аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігі ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растады.